Басты бет - Жаңалықтар - «Менің алғашқы онлайн сабағым!» халықаралық байқауының нәтижесі шығарылды
«Менің алғашқы онлайн сабағым!» халықаралық байқауының нәтижесі шығарылды
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Педагогика» кафедрасының ұйымдастыруымен AP09259497 «Жаңа жағдайдағы Қазақстанда педагогикалық білім беру жүйесін жетілдіру: Қазақстан Республикасында қашықтықтан оқытуда болашақ педагогтердің цифрлы құзыреттіліктерін қалыптастырудың технологиялық-әдістемелік аспектілері» ғылыми жоба аясында «МЕНІҢ АЛҒАШҚЫ ОНЛАЙН САБАҒЫМ» Халықаралық байқауы өтті.
Халықаралық байқауға республикаға танымал ғалымдар, болашақ педагогтер, білім беру ұйымдарының әдіскерлері және Ресейдің Шадринск мемлекеттік педагогикалық университетінің ғалымдары мен болашақ педагогтері қатысты.
Халықаралық онлайн байқаудың мақсаты – педагогикалық білім беру бағдарламалары білім алушыларының цифрлық құзыреттілігін дамыту, болашақ педагогтердің шығармашылық белсенділігін ынталандыру, білім беру қызметінің сапасын арттыру және білім беру процесін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді жетілдіру.
«Менің алғашқы онлайн сабағым» Халықаралық онлайн байқауы болашақ педагогтердің шығармашылық және кәсіби әлеуетін жандандыру; қазіргі заманғы инновациялық білім беру технологияларын оқу-тәрбие процесінің практикасына енгізу; болашақ педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру; болашақ педагогтердің әлеуметтік және кәсіби имиджін қалыптастыру және т.б. міндеттерді шеше алды.
Халықаралық вебинарды М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Ұстаз» институтының директоры Джолдасова Орынқыз Көпбосыновна салтанатты ашты.
Халықаралық вебинарға қашықтан қосылған Ресейдің Шадринск мемлекеттік педагогикалық университетінің «Бастауыш білім берудің теориясы мен әдістемесі» кафедрасының доценті, п.ғ.к. Наталья Михайловна Жданова онлайн байқау Дулати университеті мен Шадринск мемлекеттік педагогикалық университетінің болашақ педагогтердің цифрлы құзыреттіліктерін қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан коллаборациялық зерттеулерінің нәтижесі екендігін тебіренте жеткізді.
Болашақ педагогтердің онлан-сабақтары 5 критерий бойынша бағаланды: оқу материалының мазмұнының дидактикалық талаптарға сәйкестігі; болашақ педагогтің пәндік және технологиялық құзыреттіліктерді меңгеруі және жалпы эрудициясы; сөйлеу мәдениеті мен оқушылармен оңтайлы қарым-қатынас жасау стилі; болашақ педагогтің жалпы мәдениеті; бейнесабақтың сапасы, сюжеттік желіні құру логикасы, таңдалған фрагменттердің оңтайлылығы, мазмұны мен ақпараттылығы; бейнесабаққа қоса берілетін материалдардың сапасы; ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолданудың тиімділігі; бейнесабақты жазу мен монтаждаудың техникалық деңгейі.
Байқауға қатысқан болашақ педагогтер өз сабақтарында Zoom, Microsoft Teams, Google Meet, Google Classroom, Padlet, Clideo, Quizizz, Wordwall, Crossword Labs,Canva, Survio және т.б. цифрлы білім беру платформаларының мүмкіндіктерін пайдаланған.
Дулати университетінің 6В01501– Математика мұғалімдерін даярлау білім беру бағдарламасы бойынша білім алып жатқан 2 курс студенті Әсел Абулхаир топ жарып, «Smart-педагог – Ол кім? » тақырыбына жасаған онлайн-сабағы 1-орынды иеленді.
Дулати университетінің студенттері Анастасия Байсултанова және Асель Тумабаева жүлделі 2-орынды иеленді.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенті Жансая Жайберген, Ресейдің Шадринск мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Александра Манакова және Дулати университетінің студенті Нұрай Серік жүлделі 3-орынды бөлісті.
«Менің алғашқы онлайн-сабағым» байқауының нәтижесі
Әлеуметтік желіде электронды дауыс беру нәтижесінде ең жоғары балл жинаған Дулати университетінің студенті Қымбат Сарыпбек көрермендер көзайымы атанды.
«Менің алғашқы онлайн-сабағым» байқауының әлеуметтік желідегі электронды дауыс беру нәтижесі
Халықаралық онлайн байқауға қатысқан барлық болашақ педагогтерге арнайы сертификаттар табыс етілді.
Халықаралық онлайн байқау болашақ педагогтерге оқыту технологияларын цифрлы білім беру тұрғысынан жетілдірілген түрлерін меңгертуді көздей отырып, оқу материалының цифрлық контенттерінің жаңа формаларын тиімді қолдануға бағыт-бағдар сілтеді.
Клара БҰЗАУБАҚОВА
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің
«Педагогика» кафедрасының
меңгерушісі, п.ғ.д., профессор,
Жоба жетекшісі